Қазақстан автоматтандыру және робототехника қауымдастығы (KAAR) 2026 жылғы 2–3 сәуірде Астанада өткен Қазақстан машина жасаушыларының XIII Форумының жұмысына қатысты.
04/4/2026 Жаңалықтар / Қазақстан жаңалықтарыБиылғы форумның негізгі тақырыптары роботтандыру және озық технологияларды енгізу болды.
Форум дәстүрлі түрде машина жасау саласын дамыту, инновацияларды енгізу және өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту мәселелерін талқылау үшін мемлекет, бизнес өкілдері мен халықаралық әріптестерді біріктіретін негізгі диалог алаңы болып табылады.
Іс-шараның іскерлік бағдарламасы аясында KAAR өкілдері роботтандыру, цифрландыру және өнеркәсіпке озық технологияларды енгізу мәселелеріне арналған пленарлық және бейінді секциялық отырыстарға қатысты. Сала дамуының перспективалары, кадрлар даярлау және заманауи автоматтандыру шешімдерін өндірістік процестерге интеграциялау мәселелері талқыланды.
Форум барысында «Өнеркәсіптегі роботтандыру және цифрландыру» секциялық отырысында KAAR мүшесі — «Quality Technologies» ЖШС (Қазақстан Республикасы) мен Estun Robotics (Қытай Халық Республикасы) арасында стратегиялық әріптестік және дистрибуция туралы келісімге қол қойылды. Қол қойылған келісім инжинирингтік құзыреттерді жергіліктендіруге, Қазақстан мен Орталық Азия нарығында Estun Robotics өнеркәсіптік роботтары мен шешімдеріне сервистік және техникалық қолдауды дамытуға, сондай-ақ қазақстандық мамандарды заманауи робототехникалық кешендермен жұмыс істеуге оқытуға бағытталған.
Аталған секциялық отырыстың модераторы KAAR Президенті, Қазақстан машина жасаушылар одағы Басқармасының мүшесі Владимир Туреханов болды. Отырысқа әртүрлі елдерден мемлекеттік органдардың, бизнестің, білім беру және ғылыми қауымдастықтардың өкілдері қатысты. Қатысушылар робототехникалық шешімдерді дамыту мен енгізу мәселелері бойынша пікір алмасқан қызу пікірталасты ерекше атап өткен жөн. Талқылау отырыс аяқталғаннан кейін де екі сағаттан астам уақытқа — «EXPO» халықаралық көрме орталығы жабылғанға дейін жалғасты.
Сондай-ақ KAAR өкілдері Қазақстан, Қытай, Германия және басқа елдердің әріптестерімен бірқатар іскерлік кездесулер мен келіссөздерге қатысып, өзара іс-қимыл мен тәжірибе алмасудың жаңа бағыттарын айқындауға мүмкіндік алды.
1–3 сәуір аралығында өткен Kazakhstan Machinery Fair 2026 халықаралық көрмесі ерекше оқиға болды: онда машина жасау және өнеркәсіптік автоматтандыру саласындағы заманауи технологиялық шешімдер, жабдықтар мен әзірлемелер ұсынылды. Көрмеге 24 елден 250-ден астам компания қатысты, ал экспозиция машина жасаудың негізгі бағыттарын — металл өңдеу жабдықтары мен дәнекерлеу технологияларынан бастап автоматтандыру, роботтандыру және өндіріске арналған цифрлық шешімдерге дейін қамтыды.
Қазақстан машина жасаушылар одағының стендінде отандық интеграторлар («Vexor» ЖШС, «Arcobo» ЖШС) өнеркәсіп пен білім беру саласына арналған робототехникалық шешімдерді таныстырды. Стендке Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов пен Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев келді. Сапар қорытындысы бойынша Үкімет басшысы Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне бірқатар тапсырма берді — атап айтқанда, робототехника саласындағы қызмет үшін ЭҚЖЖ және ЭҚТӨЖ кодтарын енгізу мәселесін пысықтау, сондай-ақ «Digital Qazaqstan» стратегиясын іске асыру аясында іс-шаралар жоспарында шағын және орта бизнес субъектілерін роботтандыруды ынталандыруға арналған бөлімді көздеу.




















